preloader
Жаңа Ұрпақ Мектебі NGS
Білім министрлігінің мемлекеттік лицензиясына
сәйкес әрекет ететін
Алматы қ., Ерменсай ықшам ауданы, Жәңгір хан көшесі, ғимарат 4 +7 (708) 704 55 44

Өркениет бастауы


Мектебіміздің қазақ тілі пәні мұғалімі Альханова Куралай "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Өркениет бастауы" тақырыбында  мақала жазды.

 Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шыққалы бері еліміз бойынша көптеген иглікіті іс-шаралардың атқарылғаны белгілі. Нәтижелі дүниелер қаншама! Салыстырмалы түрде айтсақ, «еңкейген қарттан, есі кірген балаға дейін елең еткізген бұл мақаланың әсері зор болды. Мән бермеген, маңыз қоймаған, мазмұнына үңілмей, айтпағына зер салмағандар өте аз, бәлкім, жоқ та шығар. Бұл ойымды әсіре сөз, жалаң дақпырт үшін айтып отырған жоқпын. 2017 жылғы сәуірден бері бүгінге дейін республика көлемінде жаңғыру бағытында айтылып жатқан ақпарат, берілген жаңалық, жазылған мақала, сұхбаттар мен сараптамалар және телерадионы қосып қалсаң, газеттерді ашып қалсаң, жер-жерде, ел-елде рухани жаңғыру бойынша жасалып жатқан амал-шарадан көз тұнады. Әсіресе, өзіме жақын мектеп қабырғасында, оқушылар арасында болып жатқан, өткізілген істерге ырза боласың. Осы мақала негізінде қаншама тарихи кітаптар шықты, елдің дәстүр-салты, әдет-ғұрпы, жалпы қазақылыққа қатысты дүниелерге жан бітті, ұлттық код, ұлттық сана бағытына, бейнелеп айтқанда, қан жүгірді деуге болады. Жасөспірім ұл-қыздар, жеткіншектер ата-бабасының үлгілі істерімен танысты, түп тегінің асыл қасиеттерінен сусындады, Қазақстанның киелі жерлерін пайымдап, парасатқа жақындады, туған жерін қадірлеуді, Отанын сүюді жаңаша сипатта болмысына бекітті деуге толық негіз бар. Патриоттық сезімі оянды. Бұл нәтиже емес пе! Иә, рухани жаңғыруды желеу етіп, жалаң ұран, бос дақпырттан аса алмай, бұл бағытқа келмесе де зорлықпен тықпалаған жайттар кездесетін шығар... Бұлай болуы – заңдылық. Ел болған соң, кем-кетіксіз бола ма? Біз кемшілікке емес, игілікті істі бағалауды, нәтижелі дүниеге  зер салуды басты қағидаға айналдыруымыз керек. Кемшілікті тергеннен керемет болып кетпейміз, анығында, кереметтерді дәріптеу арқылы биікке шығамыз. Мәселен, оқушыға сен жамансың, сен тәртіпсізсің, сен бұзықсың дей бергеннен, ол түзелмейді. Керісінше құрдымға кете береді. Негізі балаға үміт артақан сайын оның жауапкершілігі үлкейеді, сенімі күшейеді. Бұл педагогикалық ғылымда дәлелденген.

     Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» еңбегі –  «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласындағы жаңғыру жолдарының механизімі. Ұлы Далада билігін жүргізіп, жарты әлемді бағындырған империялардың  бүгінгі жалғасы Қазақстан екендігіне ешбір ел дау туғыза алмайды. Керек десеңіз өркениет бастауы, қайнар бұлағы – осы Ұлы Дала екендігін мемлекет басшысы атап өтті. Ең алғаш жылқыны қолға үйретіп, тері илеп, қайыс жасау, темір қорытып, ат әбзелдерін, үзеңгіні ойлап табу – ақылды, білімді қажет етеді. Демек, табиғатпен біте қайнасқан, төрт түлікті тұрмыс-тіршілігіне пайдаланып, ғұиыр кешкен түп-тегіміз бүгіндері ғылыми жетістіктер ақылы жеткен жаңалықтарды сонау ықылым заманда-ақ ашып қойғанына қалай таң қалмассың! Ендігі мақсат сол құлаған рухты көтеру, бүлінген өзекті қалпына келтіру, үзілген үзікті жалғау. Ол ұлттық код, ұлттық сана арқылы  Ұлы Даланың қыры мен сырына қаныққанда нәтижелі болмақ. Ол үшін бүгінгі жас ұрпақ ана тілінің уызына қанып өсуі тиіс. Өкініштісі, тіліміздің хәлі мүшкіл. Тілсіз дұрыс ділдің қалыптасуы қиын. Осыған мән берсек екен. Бүгінгі жас ұрпақ санасына ұлттық құндылығымызды, төл байлығымызды түсіндіріп, олардың бойына  сіңіре білсек, жасамапаз ұрпақтың жаңғырғаны деп білемін. Болашақтан үміт зор!  Лайым солай болғай!

  Альханова Құралай Шарапханқызы -  NGS «Жаңа Ұрпақ Мектебінің» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Бұрын осы тақырып бойынша